Ақтөбе облысы, Қобда ауданы, Қобда ауылы, Қобда көпсалалы колледжі

Садуакасов Мурат Жайыкбаевич арнайы пәндер оқытушысы

 

 

ҚАШЫҚТЫҚТАН ОҚЫТУ БІЗДІ НЕГЕ ҮЙРЕТТІ?

Аңдатпа

 

Бүкіл әлемді тығырыққа тіреген  індетке байланысты қашықтықтан оқыту кезіндегі ата-ана мен бала қарым- қатынасы өзіндік үлес қосты. Бұл мақалада педагогтардың білімділігі мен дарындығын, олардың осы кезде шығармашылық жұмыстарымен қалай жұмыстанғандығы туралы жазылды. Ұстаздардың ақпараттық көздерін қалай және қандай жолмен қолданатыны талданды. Сондай-ақ мақалада ата-ана-студент-педагог үштігі арасындағы байланысы қарастырылды. Сонымен қатар ұстаздың талмай еңбек етуі де қалыс қалмады.

 

Бүкіл әлемді дүрліктірген індетке байланысты былтыр еліміздің барлық жерлерінде оқу процесі қашықтықтан оқыту режиміне көшкені белгілі. Сол мезетте барлық оқытушылар мен студенттерге төбеден жай түскендей сәл қорқыныш болғаны бәріне аян. Десек те, құр қол қарап қалмадық. Заманның, ағымына қарай кемемізге отырып жүзе бастадық. Кез келген оқыту түрі біржақты бола бермейтініне тағы бір мәрте көзіміз жетті. Яғни оның өз артықшылықтары мен кемшілік тұстары болады.Сол секілді қашықтықтан оқыту басында өз қиыншылықтары болғаны рас.  Өйткені, бұл оқыту жүйесі үшін жылдамдығы жоғары, желдей жүйіткіген интернеттің керектігі айтпаса да түсінікті. Соған қарамастан аудан орталығында тұрсақ та, мүмкіндігінше қажетті алдын ала дайындық жұмыстарын жүзеге асырып, тиісті шараларды дер кезінде қолдана білді. Сонымен қашықтықтан оқыту дегеніміз не? Ол бізге не үйрете білді?

 

Қашықтықтан  оқыту  —  оқытушының  білімгермен  оқыту  құралдары
арқылы  итерактивті  қарым  —  қатынас  әрекет  үрдісін  ұйымдастыруға
мүмкіндік  беретін  жаңа  ақпараттық  —  педагогикалық  технология.

 

Ғаламтордың дамыған заманында бұл да бір жаңашылдық деп қабылдар едім. Дегенмен қабілет пен шынайы ниет бар жерде, білім беруде ешқандай тосқауыл болмайды деп ойлаймын. Бұл өтпелі кезең тек студенттің ғана емес, сонымен бірге ата-ананың да белсенділігін оятты. Қашықтықтан оқыту осы үштіктің (оқытушы-студент-ата-ана) жауапкершілігін арттырған. Оқытушылар қашықтықтан оқытуды алғаш қолданып отырғандықтан, сабаққа мультимедиа салуды, компьютерлік жүйелерге, электрондық оқулықтарға, оқу әдістемелік материалдарға, қашықтықтан оқыту жүйесінің технологияларын үйлесімді қолдана алуға үйренді. Ұстаздардың шеберліктері мен біліктіліктері, ізденімпаз қасиеттері бұл жерде де көрініп жатыр. Қашықтықтан оқыту ұстаздарға көп нәрсені үйретті десек болады. Қашықтан компьютермен жоғары дәрежеде сауатты жұмыс жасап, оған іс жүзінде дағдыланып, студенттерге өз пәнінен ақпараттар беріп және ақпараттық жүйелердегі ресурстарды пайдалануда студенттердің дағдысын қалыптастырды. Осы бір мезетте әлемде сан түрлі платформалардың барын білдік. Біздің оқу орнымыз басында ватсап желісін қолданып, кейін бұл платформамен жұмыс жасау қиындығын біліп, Edupage платформасын дереу іске қосып, жұмыстанған болатынбыз. Бұл платформаға тереңірек үңілсек, басында қиындау болып көрінген, уақыт өте келе қыр- сырын түсініп, барлық мүмкіндігін қолданып, сабақ өткізуге ыңғайлы екенін түсіндік. Өзіндік функциялары бар екеніне тағы бір мәрте көз жеткіздік. Педагог ретінде айтарым «әр өзгерістің өзіндік жақсы жақтары бар».Қашықтықтан оқыту технологиясын сапалы жүзеге асыру мақсатында әр педагог шығармашылық ізденіс үстінде болды. Олар онлайн, бейне сабақтарды сауатты жүргізу және жасау әдістерін меңгере білді. Әр қалаға ауыл және аудан орталығындағы оқу орындары білім алушыларын дұрыс ақпараттандыру, сабақтың материалдарын қашықтықта сауатты жеткізудің тәсілдерін жасап та үйренді. Әркімнің, яғни әр педагогтың өзіндік жеке технологиясы, шеберлігі бар, ол сөзсіз рас. «Ұстаз болу өз уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау»- деп француз ойшылы Жан Жак Руссо айтқандай, қашықтықтан оқыту кезінде оқытушылар өз уақыттарын аямай 24 сағат, жеті күн жұмыс жасап отырды. Бұл тынбай еңбектенудің арқасы деп білем. «Жақсы сөз, жарым ырыс»-деп бекер айтпаса керек ата-бабамыз, бәрінен жақсылық іздейтін халықпыз. Қашықтықтан оқыту жаңа дүниелерді меңгеруге, шығармашыл ізденіске шабыт, рухани баюға уақыт бергені анық.

 

Халқымыздың ұлы ағартушысы Ы.Алтынсарин айтқан «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» заман міне, осы ақпараттық технологияның дамыған заманы дер едім.

 

Шынымен де, қашықтықтан оқыту ауыр жағдайдың өзінде де білім беру мен алудың үздіксіз жүзеге асуы мүмкін екендігін көрсетті. Қандай жағдай болмасын, ұғына білген оқу орны - ұлылық ордасы, түсіне білгенге - тәрбиенің тетігі, қадірін білгенге - қасиетті мекені екенін ұқтырғандай. Бұл бір уақытша кезеңнің, сынақтың тезірек аяқталып, білім алушыларымыз бен педагогтарымыз бет пердеге таңылмай, ара қашықтығымызды сақтамай отырып, жүріп тұратын күнімізге тоғысып, мамыражай күй кешетінінен үміт үзбейік. Бүгінгі күнімізде шүкіршілік, дей келгенмен тосқауылдар бұзылып, өз арнасына толса екен деп ойлаймын.

 

Сонымен қашықтықтан оқыту бізді неге үйретті? – десем алдымен шыдамдылыққа, ізденімпаздылыққа, шығармашылыққа, қарым-қатынасты нығайтуға үйрете білді.  Әр бір тұлға өзіндік ерекшілігімен дараланады, ол үшін сол бір дара жолдың кілті - білімде екенін еш естен шығармайық.